Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен ел Президентінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөнінде жиын өтті. Жиынға облыстық басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сол сияқты онлайн режимде аудан-қала әкімдіктерінің қызметкерлері қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы жүктеген жеті нақты міндетке баса назар аударды. Атап айтқанда, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін, көлік-логистика саласын дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлердің цифрлық дамудың қозғаушы күші ретіндегі рөлін нығайту, адам капиталын дамыту арқылы экономиканы жан-жақты жаңғырту мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Мәселен, өңірде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырудың арқасында облыс құрылғаннан бері 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылған. Биылғы жылы жалпы сомасы 37 млрд. теңгені құрайтын 14 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл 830-дан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте айтарлықтай инвестициялық және логистикалық әлеуетке ие, белсенді жұмыс істеп тұрған екі арнайы экономикалық аймақты дамытуға аударылып отыр. Осы орайда өңір басшысы инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізудің тиімді моделін енгізіп, жоспарланған инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде іске асырылуын қатаң бақылау қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар облыс өңдеу өнеркәсібін дамытуда жоғары әлеуетке ие. Осыған орай жоғары технологиялық өндірістерді дамыту стратегиялық бағыт ретінде белгіленіп отыр. Бұл ретте өңірде Көксай мыс өңдеу зауытын салу жобасының маңызы зор болмақ.
Ал ауыл шаруашылығында жыл басынан 54,3 млрд. теңгеге тамақ өнімдері өндіріліп, нақты индекс көлемі 112,3% құраған.
- Алдымызда Мемлекет басшысы тапсырған ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізатын қайта өңдеу үлесі 68%-ға жетті. Мұнымен шектеліп қалмай, өңдеу ісін одан әрі арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, нақты шаралар қабылдауымыз керек. Ол үшін тиісті сала басшыларына үздік агротәжірибені енгізе отырып, агрохабтар мен логистика орталықтарын құруды, мал шаруашылығын қолдау арқылы ішкі нарықты етпен, сүтпен және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп, экспортты арттыруды тапсырамын, — деді Б. Исабаев.
Мұнан соң көлік-логистика секторын дамыту мәселесіне тоқталған өңір басшысы тиісті басқармаларға осы салада жасанды интеллектіні қолдана отырып, көлік тасымалдарын басқарудың көп функциялы цифрлық платформасын енгізуді жеделдету, шекарада автокөлік тасымалдаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту міндеттерін жүктеді.
Сол сияқты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, су үнемдеу технологиясын енгізу, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік саланы дамыту, кадр даярлау т.б. мәселелерге де кеңінен тоқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер цифрлық дамудың қозғаушы күші болуы керектігін жеткізіп, шағын және орта бизнесті дамытудағы міндеттерді де атап өтті.
Өңір басшысы облыста әлі де өзекті болып отырған бірқатар проблемаларды назардан тыс қалдырған жоқ. Соның ішінде қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін қайта айналымға енгізу мәселесінде ширақтық керек екенін қадап айтты. Сондай-ақ электрмен жабдықтау желілерінің тозуын төмендетуді республикадағы орташа көрсеткішке жеткізу міндетін қойды. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмектің шын мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі тиіс екенін тілге тиек етіп, жергілікті жерлерде осыған қатысты жағдайды егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды. Сөзінің соңында облыс әкімі цифрландырудың аса маңызды кезеңі басталғанын айтып:
- Уақыт талабына сай өңірді дамыту ең алдымен жұмысты дұрыс ұйымдастыра білумен қатар цифрландыру жүйесін енгізу деңгейіне байланысты. Сондықтан алдағы уақытта Цифрлық технологиялар басқармасы өте белсенді жұмыс істеп, жасанды интеллектіні барлық салаға қарқынды енгізудің алғы шебінде жүруі тиіс. Білікті, білімді жергілікті ІТ мамандарымызды қалыптастыруымыз керек. Алдымызда үлкен істерді нәтижелі жүзеге асыру міндеті тұр. Ол үшін біздің облыста барлық мүмкіндіктер бар. Сондықтан осы айтылған мақсат-міндеттерді өздеріңізбен бірлесіп сапалы атқарамыз деп сенемін, — деді Б. Исабаев.