Аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырған алматылық блогер кешірім сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Блогер бұл сөздерді эмоцияға беріліп айтып қойғанын және жаман ойы болмағанын атап өтті.
"Instagram-да бір видеоны көріп қалып, өте ауыр пікір айтып қойдым. Бірақ мен аутизмі бар балалардың ата-аналарының жүректеріне тиеді деген арам оймен айтпадым. Мен де эмоцияға беріліп, ашумен айтып қойдым. Барлығымыз бала асырап отырғандықтан, бала туралы айтылған сөз жүрекке батады екен. Аутизмі бар балалардың ата-аналарынан кешірім сұраймын. Мен арам оймен айтқан жоқпын, ойланбай айттым. Әр ата-анаға баласының орны бөлек, ауру баланы ешкім сұрап алмайды. Сол үшін ренжімеңіздер", – делінген үндеуде.
Бұл жағдайға оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті де пікір білдірді.
“Ведомство әрбір баланың өмір сүру және толыққанды даму құқығы бар екенін еске салды. Бұл құқықтар баланың жынысына, тіліне, дініне, этникалық немесе әлеуметтік тегіне, денсаулық жағдайына және оның өзіне, ата-анасына немесе заңды өкілдеріне байланысты кез келген өзге де жағдайларға қарамастан қолданылады. Баланың қорғауға құқығын жоққа шығаратын немесе зорлық-зомбылықты ақтайтын кез келген пікір айтуға жол берілмейді және ол заңға ғана емес, қоғамның адамгершілік қағидаттарына да қайшы келеді”, – делінген хабарламада.
Полиция оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.