Желіде мұғалімнің хиджабтағы оқушы қыздарға ұрысып жатқан видеосы кеңінен тарап, көпшіліктің қызу талқысын тудырды. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
NUR.KZ тілшісі тақта алдында тұрған хиджабтағы оқушы қыздардың видеосына қатысты түсініктеме алу үшін Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді. Ведомство өкілдері видеодағы жағдай Қазақстан мектептеріне және Қазақстанның білім беру жүйесіне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар министрлік осы орайда мектеп формасына қатысты қойылатын талаптарды тағы бір мәрте еске салды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында жалпыға бірдей міндеттелетін мектеп формасының барлық қажетті құқықтық негіздері бекітілген.
"Қазақстанда қыздар мен ұлдарға арналған киім нысаны нақты айқындалған. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Киімнің стилі классикалық болуы керек, түс гаммасы үш түстен аспайтын үйлесімділікке жол бере отырып, қалыпты, қатты ашық емес реңктерде сақталуы керек. Әр түрлі конфессиялардың діни киім элементтерін мектеп формасына енгізуге жол берілмейді", — делінген ресми хабарламада.
Министрлік өкілдері ата-аналар мектеп жарғысы мен белгіленген талаптарды сақтауға міндетті екенін жеткізді. Бұл міндеттерін орындамаған жағдайда оларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жауапкершілікке тарту көзделген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз