Оралда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті мәселелер және оларды түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын жүзеге асыруға арналған Батыс Қазақстан облысы активі кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кеңесті ашқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының Жолдауындағы басты бағыттарға тоқталып, ел дамуының жаңа кезеңі — жоғары технологияға негізделген, өңдеуші өнеркәсіп пен инновацияға сүйенетін экономика екенін атап өтті.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысына 749,9 млрд теңге инвестиция тартылса, соның 571,5 млрд теңгесі – жеке инвестициялар. Алдағы 5 жылда 2,2 трлн теңгеден астам қаражатты құрайтын 73 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Утешева бизнесті кешенді қолдаудың маңыздылығына тоқталып, өңір үшін маңызды жобалар қатарында газ-химия, агротуризм, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, логистикалық орталықтар мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар бар екенін айтты.
"Бүгінде invest.eoz.kz платформасында 37 жоба тіркелген, оның 9-ы толық жүзеге асты", – деді Эльмира Утешева.
Президент Жолдауында жасанды интеллект (ЖИ) дамуына айрықша назар аударылды. ЖИ — білім беру, өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен мемлекеттік басқару салаларында қолданыс тапқан. М. Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев университеттің AI-Sana бағдарламасына белсенді қатысып жатқанын, бүгінде 4900-ден астам студент пен оқытушы қамтылғанын жеткізді. Ректордың мәлімдеуінше, университет ұжымы тек цифрлық пәндерді енгізіп қана қоймай, өз шешімдерін жасауда. Мысалы, интеллектуалды академиялық кеңесші мен FaceID жүйесі қауіпсіздікті арттырады. Цифрлық интеллект — университет философиясының ажырамас бөлігіне айналған. Сондай-ақ Coursera, Astana Hub және Huawei Academy платформалары арқылы студенттер 8000-нан астам халықаралық сертификат алған.
Агросектордағы ЖШС-лардың бірінің басшысы Армат Бисенов ауыл шаруашылығындағы ЖИ шешімдерінің тиімділігін атап өтті.
"Біз CropWiseOperating жүйесін қолданамыз. Ол өнімділікті модельдеп, тыңайтқыштарды тиімді енгізуді ұсынады, есеп жүргізуді автоматтандырады. Көптеген техника ЖИ-мен жабдықталған. Сонымен қатар, біз ылғал үнемдейтін технология мен тұқым шаруашылығын дамыту бойынша ғылыми ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеудеміз", – деді ол.
Компания сұранысқа ие ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдарын өндіру желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл — Батыс өңірі үшін өзекті мәселе.
"Қазсушар" РМК БҚО филиалының директоры Рауан Хусаинов су ресурстарын басқарудағы цифрлық шешімдер нақты нәтиже беріп жатқанын мәлімдеді.
"Біз автоматтандырылған су есептеу және гидротехникалық құрылғыларды басқару жүйелерін енгізудеміз. Биыл 100 км артық арна тазартылды. Жыл соңына дейін 826 км суару арнасы республикалық меншікке өтеді, бұл ортақ басқару жүйесін құруға мүмкіндік береді", деп сөзін сабақтаған Рауан Хусаинов жаңа су қоймаларын салу, ескілерін жаңғырту және Жайық өзенінде қалқымалы сорғы станциясын іске қосу туралы айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев тиісті сала басшыларына инвестициялық жобаларды нақты бақылау және мониторинг жүргізу, барлық салада цифрландыру жұмыстарын жандандыру, ауыл және өнеркәсіп секторына жасанды интеллект енгізуді қолдау, су шаруашылығы саласының кешенді дамуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Әйгерім ҒАЛЫМ, Батыс Қазақстан облысы