Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылындағы жеке балабақшада үш жасар бала ауыр жарақат алып, тері ауыстыру операциясына мұқтаж болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, оқиға 25 тамыз күні, баланың балабақшаға барған алғашқы күнінде болған.
«Тәрбиеші телефон шалып, қолын стаканмен кесіп алғанын айтты. Бірақ барғанымызда жағдай мүлде басқаша болды: баламның саусағын шкаф есігі қысып қалыпты. Тырнағы түгел жұлынып, қатты қанап тұрды», – деді ол.
Ата-аналар тәрбиеші алғашқы көмек көрсетпегенін және жедел жәрдем шақырмағанын айтып отыр. Олар баланы өздері облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер сүйекті жабу үшін білектен тері алынғанын, егер операция жасалмаса, саусақ мүгедек болып қалуы мүмкін екенін ескерткен.
Полиция департаменті аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 141-бабы («Балалардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу жүргізілуде.
Бала анасының айтуынша, балабақша әкімшілігі материалдық өтемақы ұсынып, істі жапқысы келген.
«Баламның тырнағы мен жұмсақ тіні жоқ, тек сүйегі қалды. Біз толық пластикалық операцияны балабақша өтесін дедік. Бірақ олар 200 мың теңге ұсынып, “қаласаң сотқа бер” деді. Мен баламның болашағы үшін күресемін», – деді анасы.
Қазір бүлдіршін отадан кейінгі емін қабылдап жатыр. Ата-аналар әділдік талап етіп, аймақтағы балабақшалардың қауіпсіздігіне қатаң бақылау орнатуды сұрап отыр.