Келіссөздер барысында бірқатар бағыттар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Пәкістан Ислам Республикасында ауыл шаруашылығы жөніндегі бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отырыста тараптар агроөнеркәсіптік саладағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Вице-министр Пәкістанмен ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл екіжақты қатынастардың маңызды бағыты болып табылатынын және ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының оң серпінімен нығайтылып отырғанын атап өтті.

2025 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасындағы аграрлық өнімдер тауар айналымы 22%-ға өсіп, 19,4 млн АҚШ долларына жетті.

Қазақстанның Пәкістанға экспортының негізін кептірілген бұршақ дақылдары, зығыр тұқымы, қарақұмық және басқа да өнімдер құрайды.

"Екі ел арасындағы аграрлық сауданы одан әрі өсіруге және әртараптандыруға айтарлықтай әлеует бар. Қазақстан бұршақ және майлы дақылдар, өсімдік майлары, кондитерлік және ұн өнімдері, сондай-ақ ет пен ет өнімдері экспортын кеңейтуге мүдделі", – деді вице-министр.

Әсіресе қазақстандық астықты жеткізу мүмкіндіктеріне, соның ішінде B2B форматы бойынша экспортқа ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапынан жеткізулердің операторы ретінде "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ әрекет ете алады, ол пәкістандық әріптестерге өзінің экспорттық әлеуетін таныстырды.

Сонымен қатар, жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында аграрлық ғылым мен заманауи биотехнологиялар саласында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығы атап өтілді.

Отырыстың аясында Ермек Кенжеханұлы Пәкістанның Азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында бірқатар бағыттар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Олардың қатарында – Пәкістанға азық-түлік бидайын, майлы дақылдар мен күнбағыс майын жеткізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту, қазақстандық аграрлық өнімнің экспорттық географиясын кеңейту, сондай-ақ АӨК саласындағы ғылыми-зерттеу және білім беру бағытында ынтымақтастықты тереңдету бар.

Отырыстың қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасының Азық-түлік қауіпсіздігі министрлігі арасындағы өзара іс-қимыл туралы Хаттамаға қол қойылды.