Сорбұлақ көліндегі су құрамында зиянды химиялық заттар бар.
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов өзінің депутаттық сауалында Сорбұлақ мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кәріз сулары жиналатын бұл көл Алматы облысы, Іле ауданында орналасқан.
"Алматы қаласының қалдықтары төгілетін шұңқыр 37 жылдан бері жергілікті тұрғындардың тынысын тарылтып отыр. Халық шулап, экологтар қанша дабыл қақса да, жергілікті биліктің бұл мәселені шешуге құлқы жоқ. Әсіресе, жаз мезгілінде Сорбұлақтан шыққан жағымсыз иіс жан-жаққа таралып, жақын маңдағы ауыл-аймақты түгел тұншықтырып жатыр. Екіншіден, Сорбұлақ көліндегі су құрамында зиянды химиялық заттар, ауыр металдар мен органикалық қалдықтар бар. Мұны биыл шілде айында жүргізілген зерттеу нәтижесінен көруге болады", – деді депутат.
Данияр Қасқарауовтың мәліметінше, су құрамында 31 түрлі химиялық заттар мен ауыр металдар бар екен.
"Зертханалық тексеріс кезінде кадмийдің мөлшері қалыпты нормадан төрт есе көп екені көрсетілген. Бұл – дабыл қағатын жайт. Өйткені, кадмий –көзге көрінбейтін у. Оның буы өкпе, бүйрек, ішкі құрлыс, жүйке жүйесі мен сүйекті зақымдап, онкологиялық аурулар тудыруы мүмкін. Бұл радиация адам ағзасында жылдар бойы жиналады. Демек, Сорбұлақтың айналасындағы ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келіп жатыр деп айтуға толық негіз бар", – деп жалғастырды мәжілісмен.
Бұдан басқа Сорбұлақ көлінің сыйымдылығы – шамамен 1 млрд текше метр. Алматы агломерациясы өскен сайын, кәріз суы да көбейді, тиісінше Сорбұлақ та тола бастады, деп атап өтті ол.
"Қазір 750 млн текше метр су жиналған. Табанындағы топырақ тұрақсыз, су астындағы шөгінділер жылжып жатыр деп дабыл қағуда экологтар. Нөсерлі жауын-шашын, көктемгі су тасқыны немесе қуатты зілзала болса, Сорбұлақ арнасынан асып кетуі мүмкін. Бетін аулақ қылсын, мұндай жағдай болса, Ақши, Күрті ауылдарын тасқын шайып кету қаупі бар. Тіпті лас су Іле, Балқаш, Қапшағай көлін ластап, үлкен экологиялық апатқа соқтырады. 1988 жылы дәл осы кәріз сулары жиналатын Жаманқұм бөгеті бұзылып, 13 адамның қаза тапқанын бәріңіз білетін шығарсыздар? Осы апаттан кейін Алматының қалдық сулары Сорбұлақ шұңқырына құйыла бастады", – деді Данияр Қасқарауов.
Депутаттың айтуынша, сорымызға айналған Сорбұлақтың мәселесін Үкіметтік деңгейде қолға алу керек.
Мәжілісменнің ұсыныстары:
1. Сорбұлақтың суын, құрамын, деңгейін, қауіптілігін тексеретін мемлекеттік комиссия құру;
2. Республикалық бюджеттен қаражат бөліп, кәріз суларын тазартатын заманауи станциялар салу;
3. Сорбұлақтың суына сіңіп кеткен қыруар қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеріп, мемлекеттік аудит жүргізу;
4. Сорбұлақтың суын ортайтып, тиімді пайдалану үшін Су шаруашылығы және ирригация министрлігімен бірлесіп жоба дайындау.