Эфиопия елдегі миллиондаған адамдарды электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған Африкадағы ең ірі гидроэлектр станциясын ресми түрде ашты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Губа қаласында «Ұлы Эфиопия Ояну дәуірі бөгетінің» («Ояну» ГЭС) ашылу салтанаты өтті. Оған Эфиопияның премьер-министрі Аби Ахмед, сонымен қатар Сомали, Джибути және Кения президенттері қатысты.

2011 жылы Суданмен шекаралас Көгілдір Ніл өзенінде құны 5 миллиард доллар болатын гидроэлектр станциясының құрылысы басталған еді. 2022 жылы бірінші турбина пайдалануға берілгеннен кейін бөгеттің қуаттылығы біртіндеп ұлғайып, оның ресми ашылу қарсаңында максималды қуаты 5 150 мегаватқа жетті. Бұл оны әлемдегі ең ірі 20 су электр станциясының біріне айналдырды.

«Ұлы Эфиопия Ояну дәуірі бөгеті» шамамен 120 миллион халқы бар елдің электр энергиясына қажеттілігін толығымен жабуға арналған, қалғаны көрші елдерге экспортталады. Премьер-министр Аби Ахмед 14 жылға созылған жобаның аяқталуын «тарихи жетістік», ал гидроэлектр станциясын бүкіл Африка үшін «жаһандық мүмкіндік» деп атады.