Дегенмен ел делдал ретіндегі миссиясын жалғастырып, атысты тоқтату үшін бар күшін салатынын жеткізді.

Қатар Газа секторындағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздердің кезекті раундын тоқтатқанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Қатардың премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Әбдел Рахман Әл Тани Дохада өткен баспасөз мәслихатында Израильдің әрекеттерін сынға алды.

– Соңғы күндері АҚШ ұсыныстары негізінде қарқынды келіссөздер жүргізілді. Алайда Израиль делегацияларды Дохаға жібере отырып, бейбіт шешімге қол жеткізуге бағытталған қадамдарды әдейі бұзуға тырысты. Әлемге тағы қандай дәлел керек? Бейбітшілік жолын кім бөгеп отыр? – деді ол.

Министр Қатардың атысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің табысты өтуі үшін барынша күш-жігер жұмсап жатқанын атап өтті.

Еске сала кетейік, 9 қыркүйекте Израиль Доха қаласына әуеден соққы жасаған. Шабуыл салдарынан Қатардың ішкі қауіпсіздік қызметінің бір қызметкері қаза тапты.