Мәжілісменнің анасы 70 жасқа толды .
Депутат Ардақ Назаров Мәжілістің жалпы отырысында анасын туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осында отырған барлық азаматтың артында әлемнің жарығын сыйлаған аналар тұр. Менің анашымның бүгін туған күні, 70 жасқа толып отыр. Құттықтауға рұқсат етсеңіз", – деді депутат.
Залда отырған әріптестері қол шапалақтай жөнелді.
"Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейіріміңізге толы жүрегіңізге және жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, Құдай бере салған немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін. Сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың аналарыңыз аман болсын", – деп атап өтті Ардақ Назаров.
Кейін ол өзінің депутаттық сауалын оқыды.
"Анаңызға біздің де құттықтауымызды жеткізіңіз", – деп қысқа қайырды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.