Бүгін мәжілістің жалпы отырысында қызық жағдай болды. Сөз алған депутат Ардақ Назаров тікелей эфирде 70 жасқа толған анасын туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәжіліс отырысының негізі бөлімі аяқталып, депутаттарға әр түрлі мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалын жолдауға мүмкіндік берілген кезде, Ардақ Назаров тікелей эфирді пайдаланып, алдымен анасын туған күнімен құттықтады.
"Осында отырған барлық азаматтың артында әлемнің жарығын сыйлаған аналар тұр. Менің анашымның бүгін туған күні еді, 70 жасқа толып отыр. Құттықтауға рұқсат етсеңіз", — деп мәжілістің вице-спикері Дания Еспаевадан рұқсат сұрап, анасына ақ тілегін айтты.
"Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің мейірімге толы жүрегіңіз бен жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, құдай бере салған немелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін, сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың аналарыңыз аман болсын!" — деген ол ары қарай депутаттық сауалын жолдады.
Ардақ Назаров премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа арналған депутаттық сауалына Қазақстан әскеріне қатысты ұсыныс айтып, бірнеше сұрақ қойды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз