Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай республикалық "Таза Қазақстан" акциясы аясында ұйымдастырылған "Үлгілі ауыл" байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Конкурс ауылдық елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, инфрақұрылымдық жағдайы, тұрғындардың белсенділігі, мәдениет, спорт және білім салаларындағы жетістіктері бойынша бағаланды. Жарысқа 5 ауданнан 39 ауыл қатысып, ақтық кезеңде 10 ауыл бақ сынады.

Ауылдар арасындағы бәсекенің қорытындысы бойынша 7 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа ие болды. Атап айтқанда, 3 мыңнан астам халқы бар ауылдар арасынан Бейнеу ауданының Бейнеу ауылы І орынды (10 млн теңге), Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылы ІІ орынды (7,5 млн теңге), ал Қарақия ауданының Құрық ауылы ІІІ орынды (5 млн теңге) иеленді.

Сонымен қатар Маңғыстау ауданының Шетпе ауылы ынталандыру сыйлығына (2 млн теңге) ие болды. Ал 3 мыңнан аз тұрғыны бар ауылдар арасында Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылы І орынды (8 млн теңге), Қарақия ауданының Құланды ауылы ІІ орынды (6 млн теңге), және Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылы ІІІ орынды (4 млн теңге) қанжығалады.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жеңімпаз атанған ауылдарға берілген қаржы сол ауылды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына және инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімі жеңімпаздарды құттықтап, ауылдардың өңір дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.

"Үлгілі ауыл" конкурсы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес "Таза Қазақстан" акциясы аясында ұйымдастырылды. Бұл жоба – ауылдардың дамуы мен бірлігін, тұрғындардың белсенділігі мен еңбегін көрсететін маңызды бастама.

Бұл – тек марапат емес, әр ауылдың өз әлеуетін аша түсуіне жасалған қолдау. Жеңімпаз ауылдарды шын жүректен құттықтаймын. Ең бастысы – берілген қаражат ауылдың игілігіне жұмсалып, халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етуге тиіс.

Сонымен қатар бұл конкурс арқылы біз ауыл тұрғындары арасында экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жағдай жасап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлердің әлеуетін арттыру – біздің басты міндетіміз. Сондықтан бұл байқауды дәстүрлі түрде жалғастырып, ауылдарды қолдау жұмысын күшейте береміз", — деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысында ең үлгілі ауылдар анықталды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, биыл ең үлгілі ауыл атанып отырған Бейнеу ауылының 57 мыңнан астам халқы бар, жұмыссыздық деңгейі 2,8 пайызды құрайды. Ауылда 12 мектеп, 19 балабақша, аурухана мен мәдениет үйі жұмыс істейді. Сондай-ақ 685 кәсіпкерлік нысан бар. Бейнеу ауылы толықтай электр энергиясымен, ауыз сумен және табиғи газбен қамтылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз