Түркістан облысында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі – өңір басшылығының күн тәртібіндегі ең маңызды басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау – облыстық әкімдіктің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Облыста атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі республикалық деңгейдегі көрсеткіштермен салыстырылады. Елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі негізінен екі көрсеткіш арқылы бағаланады: қалалардың және ауылдық елді мекендердің қамтылу пайызы. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысы көш бастап келе жатқан өңірлердің қатарында. Бүгінде облыстағы қалаларда тұратын 542 мыңға жуық тұрғынның барлығы 100% ауыз сумен қамтылған. Ал 756 ауылдық елді мекеннің 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Соған қарамастан, шешімін күткен бірқатар өзекті мәселелер де бар. Атап айтқанда, ауыз судың сапасы, жеткізілу уақыты, тозығы жеткен инфрақұрылым және кейбір елді мекендерде ауыз судың мүлдем болмауы тұрғындар үшін қиындық тудырып отыр. Бұл бағытта облыс әкімдігі өтпелі кезеңде альтернативті су жеткізу шараларын ұйымдастыруды қолға алды.
Шардара ауданында ескі су тазарту жүйесінің тозуы жаз мезгілінде халыққа тұрақты су беруге кедергі келтіруде. Мәселені шешу үшін жалпы құны 16,9 млрд теңге болатын «Шардара топтық су құбыры» жобасы іске асырылуда.
Сарыағаш қаласында да тұрғындар санының көбеюі және жазғы уақытта ауыз суды мөлшерден тыс пайдалану салдарынан «Қапланбек» су тазарту станциясының қуаттылығы жеткіліксіз. Осыған байланысты Р-1 каналынан магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа су тазарту станциясын салу жобасы жоспарланып отыр.
Биыл облыста 66 су нысанының құрылысы қолға алынды. Бұл жобаларға бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінген. Әкім Нұралхан Көшеров қаржыны тиімді және дер кезінде игеру қажеттігін қатаң тапсырды. Нәтижесінде жыл соңына дейін 30 елді мекенде жаңа су жүйелерінің құрылысын толық аяқтап, тұрғындарды ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 19,7 млрд теңге қарастырылып, мердігер компаниялармен шарт жасалған.
Облыста 756 ауылдың ішінде 192 елді мекен әлі күнге дейін ауыз суды кестемен алып отыр. Бұған жер асты суларының азаюы, су тазарту қондырғыларының қуатының жеткіліксіздігі, инфрақұрылымның тозуы және суды үнемсіз пайдалану себеп болып отыр. Мәселен, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында тартылған су жүйелері қараусыз қалып, жабдықтардың ұрлануы жағдайды одан әрі күрделендірген.
Облыс басшылығы аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді, ал тұрғындарды таза ауыз сумен қамту жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды жалғастырады.