2025 жылғы 10 қыркүйекте ҚР Су ресурстары және ирригация министрі ақжолтай хабармен сүйіншіледі. Сарапшылардың пікірінше, Солтүстік Аралдың көлемін ұлғайту мерзімінен бұрын орындалып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство мәліметінше, 2023 жылдан бүгінге дейін Солтүстік Аралдағы су көлемі 24,1 млрд текше метрге дейін жетті. Осы уақыт ішінде теңізге 5 млрд текше метр су жіберілді.

Осылайша, Солтүстік Аралдың көлемін ұлғайтуға қатысты Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасындағы мақсатты көрсеткіштер жоспардан бұрын орындалып жатыр.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі (@su_resurstari_ministrligi)

Тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылы теңіздегі су көлемін 20,6 млрд текше метрге жеткізу көзделген болатын. Ал бастапқы жоспар бойынша, 2030 жылға қарай Солтүстік Аралдың көлемі 27 млрд текше метрге жетуі тиіс. Қазіргі көрсеткіштерге 2029 жылы қол жеткізу жоспарланған болатын.

"Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банктің гранты есебінен Солтүстік Аралды сақтау жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, Ақшатау және Қамыстыбас көл жүйелеріндегі су деңгейін тұрақтандыру үшін су торабын салып, Көкарал бөгетін 2 метрге ұлғайту нұсқасы қарастырылып жатыр. Жоба Солтүстік Аралдағы судың көлемін арттыруға және сапасын жақсартуға, Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіруге, теңіз түбінен тұзды шөгінділердің ұшуын азайтуға, Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытуға және жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылғанын жазғанбыз.