80 мыңнан астам оқырманы бар қазақстандық блогер желідегі парақшасында аутизмі бар балаларды өлтіруге ашық шақырды. Оның бұл сөзіне «Аутизм Қазақстан» қауымдастығы мен Ішкі істер министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Дау тудырған пікір Алматыда болған оқиғадан кейін айтылды. Онда 13 жастағы жасөспірім балалар алаңында екі жасар баланы көтеріп, аспанға лақтырып жіберген. Салдарынан сәби қолын сындырып алды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осы оқиғаға қатысты жазбалардың астына блогер Райхан Жұмамұратова мынадай пікір қалдырды:

«Аутизмі бар бала көшеде не істеп жүр? Оның ата-анасын жазалау керек. Қазір аутизм тым көбейіп кетті, оны емдеу қажет, ал емделмесе – өлтіру керек. Немесе мұндай балаларға бөлек аурухана ашсын. Аутизмі бар балада сезім болмайды. Әке-шешесі неге мән бермейді? Неге осындай диагнозы бар балаларын көшеге еш саспастан жіберіп қойып, ай қарап жүреді?» – дейді.

Алайда жасөспірімнің нақты диагнозы туралы ресми ақпарат жарияланбаған. Кейінірек блогердің парақшасы жабылған немесе атауы өзгерген, бірақ «Аутизм Қазақстан» қауымдастығының мәліметінше, оның басқа парақшасында ұқсас пікірлер әлі де шығып жатыр.

«Autism Kazakhstan» қауымдастығы Бас прокуратура мен ІІМ-ге ресми сауал жолдады. Онда блогердің сөздеріне құқықтық баға беруді сұрады. Сондай-ақ ұйым өз жазбасында пікір қалдырушыларды әдепті болуға, балағат пен қорлайтын сөздер қолданбауға шақырды. Ережеге сай келмейтін пікірлер өшірілетіні ескертілді.

ІІМ қауымдастықтың өтініші қабылданғанын және тексеріс басталғанын растады.

«Бұл факті бойынша Алматы қаласы Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Блогердің жеке басы анықталды», – деп хабарлады ведомство.

Сонымен бірге министрлік балағат сөздер, әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар әрекеттер, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау үшін қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.