Түркістан облысында "Қарасора – 2025" жедел-алдын алу шарасы аясында полицейлер бір апта ішінде есірткіні сақтау және тасымалдаудың 7 фактісін тоқтатты. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 20 келіден астам есірткі заты тәркіленді.
Мәселен, Түлкібас ауданындағы Жамбыл облысымен шекаралас бекетте полиция қызметкерлері Кентау қаласының тұрғыны басқарған Toyota автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында жүргізушіден салмағы 5 келіден асатын марихуана салынған пакет табылды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары Toyota минивэнін тексеру кезінде Шымкент қаласының тұрғынынан 10 келіден астам есірткі заты тәркіледі.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жедел тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, "Қарасора – 2025" жедел-профилактикалық шарасы есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және өсіру фактілерін анықтауға, олардың жолын кесуге, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді жоюға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.