1 қыркүйектен бастап Қазақстанда республикалық "Учаске" жедел алдын-алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның барысында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар да табылған, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, "Учаске" жедел алдын-алу іс-шарасы кезінде заңсыз айналымнан 50-ге жуық қару, сонымен қатар 500-ден астам оқ-дәрі және 6 жарылғыш зат алынып, қару жасырылған 12 қойма анықталған.
Сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 6 қару және полицияның арнайы жабдықтары тәркіленген. Олар: Калашников автоматы, бір тапанша, екі ойық мылтық және екі тегіс ұңғылы қару, қызметтік бронежилеттер мен каскалар.
Азаматтар 15 қаруды өз еркімен тапсырған.
"21 мыңнан астам азаматтық қару тексеріліп, 400-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 5 қыркүйекте Алматы облысында жергілікті тұрғындар ұсталды, олардан Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында ұрланған арнайы мылтық тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда", — деді ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жандос Батырбеков.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз