Қазақстанда электр және жылу желілерін диагностикадан өткізу тәсілдері түбегейлі жаңарып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауы аясында, Энергетика министрлігі заманауи Жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын инфрақұрылымды бақылау жүйесіне енгізуді бастады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.
Жаңа технологиялар нені өзгертеді?
Жаңа жүйе бойынша, электр желілері дрондардың көмегімен әуеден бақылауға алынады. Бұл қауіпті әрі ресурсты көп қажет ететін ескі әдістерден, яғни сымдарды қолмен тексеруден бас тартуға мүмкіндік береді.
"Болашақта дрондар толықтай автономды жұмыс істеп, түсірілген суреттер мен видеоларды ЖИ алгоритмдері автоматты түрде талдайды. Олар желідегі ақауларды, тозу деңгейін және ықтимал тәуекелдерді нақты анықтап, үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді", – деді вице-министр.
Жылу жүйелерінде де өзгеріс
Жаңа тәсіл тек электр желілеріне ғана емес, жылу инфрақұрылымына да енгізілмек. Арнайы «жылан тәрізді» роботтар құбырлардың ішінен өтіп, 3D модель құрастырады. Бұл құрылғының құрамында көптеген датчиктер бар, олар:
-
Ақауларды;
-
Тот басқан жерлерді;
-
Кептелістер мен бұзылуларды нақты анықтай алады.
Мұндай әдіс мұнай-газ саласында бұрыннан қолданылып келе жатқаны белгілі. Енді ол қалалық инфрақұрылымға да енгізілуде. Вице-министрдің айтуынша, бұл технология уақтылы әрекет етуге және үлкен апаттардың алдын алуға көмектеседі.
Бұл бастама Қазақстанда инфрақұрылымды цифрландыру және автоматтандыру арқылы тиімділікті арттыруға бағытталған ұлттық стратегияның бір бөлігі саналады. Жасанды интеллект құралдарын пайдалану – қауіпсіздік, үнемділік және болжамды басқару жүйелерінің дамуына серпін бермек.