Қытай энергетика саласына жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу жоспарын жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Ресми құжатқа сәйкес, 2027 жылға қарай елде ЖИ-ді энергетикалық секторға интеграциялаудың инновациялық жүйесін құру және алғашқы маңызды технологиялық серпілістерге қол жеткізу көзделген.

2030 жылға қарай Бейжің өнеркәсіпті әлемдік деңгейге шығарып, есептеу қуаты мен энергиямен қамтамасыз етуді тиімді үйлестіруді жоспарлап отыр. ЖИ технологиялары электр желілерін басқаруда, жаңартылатын энергия көздерін дамытуда және атом энергетикасын жетілдіруде қолданылатын болады.

Жоспар деректер алмасуды оңтайландыру, есептеу ресурстарын электр желісімен біріктіру және салаға арналған бағдарламалық шешімдерде ЖИ қолдануды кеңейту шараларын қамтиды.

Сонымен қатар, билік энергетика мен жасанды интеллект саласындағы білімді біріктіретін пәнаралық мамандарды даярлауды күшейтуді және қаржылық қолдауды арттыруды мақсат етіп отыр.

Бұл қадам Қытайдың энергия тиімділігін арттыруға және әлемдік энергетикалық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған стратегиялық бастамасы болып отыр.