Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды inbusiness .kz сайты.

Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің 40 филиалы ашылып жатыр.

"Бүгінде елімізде 31 500 шетелдік студент білім алуда – тарихи рекорд. Мақсат – бұл санды 2029 жылға қарай 150 000-ға жеткізу. Ол үшін шетелдік студенттерге, сондай-ақ ғалымдар, профессорларға, мамандарға виза беру тәртібін қайта қарастыруымыз қажет. Шетелдік студенттер үшін көпмәртелік электронды виза жаңадан қарастырылады", – деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, еліміздің көші-қон саясаты тұжырымдамасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша визаларды енгізу қарастырылған.

Мұндай визалар ғылым, білім, технологиялар салаларында құнды дағдылары бар шетелдік мамандарға және этникалық қазақтарға беріледі.

"Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай мүмкіндіктер көп елде бар. Мысалы, Канадада түлектерге 1 жылдан 3 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат бар. Дубайда шетелдік студенттер ұзақ мерзімді визалар алады, ал үздік студенттерге арнайы "Алтын виза" беріледі. Мәскеуде студенттерге "Мәскеулік карта" жұмыс істейді", – деді Саясат Нұрбек.