Осылайша әлеуметтік әділеттілікті сақтау үшін шаралар қабылданады.
Премьер-министр Олжас Бектенов 1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірлерге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірлерге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуі қажет. Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Болды, осы мәселеде нүкте қою керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз", – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек.
"Ол үшін цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын терең енгізу арқылы экономиканың барлық салаларындағы мемлекеттік қызметтерді бақылау мен мониторинг жүргізудің түбегейлі жаңа әдістері жасалуға тиіс. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Еңбек министрлігі жанындағы Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет", – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.