Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов күмәнді жәрдемақылар мен төлемдерді қысқартып, әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын жасау керегін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін барлық өңірге арналған әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын әзірлеуі керек. Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлем мен жәрдемақыны алып тастау керек.

Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, тәуелділік психологиясына қарсы шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмысқа тұруға, өзін және отбасын қамтамасыз етуге ұмтылуы керек. Мемлекет тек нағыз мұқтаж жандарға көмек көрсетуге баса назар аударуы керек", — деді премьер-министр.

Ол сондай-ақ 1 қарашаға дейін Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, Еңбек министрлігі жанындағы әлеуметтік саланың Бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет екенін айтты.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз