Кейін құжат Президент Әкімшілігіне енгізіледі.

Қысқа мерзімде Алатау қаласына ерекше дамудың арнайы мәртебесін беру туралы Жарлық жобасы әзірленеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Банктер туралы" Заң жобасы әзірленеді, ол финтехті ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру үшін жағдай жасайды, сондай-ақ экономиканың нақты секторына банктердің еркін өтімділігін тартуды ынталандырады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып он күндік мерзімде инвестициялық саясатты қайта форматтау бойынша нақты шаралар әзірленеді. Кейіннен сапалы инвестициялар тартуға баса назар аударылған Инвестициялар тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Іскерлік белсенділік және инновациялар орталығын құру мақсатында қысқа мерзімде Алатау қаласына ерекше дамудың арнайы мәртебесін беру туралы Жарлық жобасы дайындалып, Президент Әкімшілігіне енгізіледі", – деді министр.

Оның айтуынша, Жарлық шеңберінде жеке Заң қабылданғанға дейін Alatau City-ді операциялық басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаланы басқару және оның жұмыс істеу тетіктерін құру жөніндегі шаралар айқындалады. Заңда қаржы моделі, қаланы басқарудың ерекше режимі, криптовалютаны және Smart City технологиясын қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша жобалау және құрылыс салу қаралады.

Қабылданған шаралар жедел әлеуметтік-экономикалық даму, экологиялық орнықтылықты арттыруға және Алатау қаласына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Айта кету керек, бұған дейін Алатау Қазақстанның алғашқы цифрлық қаласы болатынын жазғанбыз.