2025 жылғы 9 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда инфляция деңгейін төмендету қандай шаралар есебінен жүзеге асырылатынын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, инфляцияны тежеу үшін қазіргі іске асырылып жатқан инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шаралар тарифтік саясатпен бірге қайта қаралады.

"Негізгі басымдық ішкі нарықтағы теңгерімділікті қамтамасыз етуге, нарықты өніммен молықтыруға және өнім ағынының сыртқа кетуін болдырмауға беріледі. Антиинфляциялық саясаттың қосымша бастамаларының бірі – инвестицияларға сұраныс жасау болады, бұл отандық өніммен нарықты қамтамасыз ететін ұсақ өндірістерді көптеп құруға мүмкіндік береді", – деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк болашақта инфляция деңгейін 5-6% деңгейіне дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

"Экономиканы либерализациялау аясында кәсіпкерлік қызметті жүргізуге кедергі келтіретін реттеушілік және әкімшілік тосқауылдарды жоюға бағытталған заңнамалық нормаларды бейімдеу жұмысы жалғасады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметі де қайта қаралып, олар активтерді тиімді басқаратын институтқа айналатын болады", – деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.

Бұған дейін 2025 жылы кіріс пен мүлік туралы декларацияны кімдер ұсынуға міндетті екенін жазғанбыз.