Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев Шавхатжан Болтаевты шапалақпен тартып жіберді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Шавкатжон Болтаев әлем чемпионатындағы кезекті жекпе-жегінде испаниялық қарсыласынан басым түсіп, жеңіске жетті. Алайда Өзбекстан құрамасының бас бапкерінің жекпе-жектен кейінгі іс-әрекеті қызу талқылануда.

Спорт журналисі Аслан Каженовтың Instagram парақшасында жарияланған видеодан Толқын Қылышевтың боксшыны шапалақпен тартып жібергенін байқауға болады.

Журналистің сөзіне сенсек, бапкер Болтаевтың қарсыласына құрмет көрсетпегеніне ашуланған.

”Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев жеңістен кейін айқайлап тойлап, қарсыласына құрмет көрсетпеген Шавкатжон Болтаевты шапалақпен тартып жіберді”, — деп жазды ол.

Аталмыш видео желі қолданушылары мен бокс жанкүйерлері арасында қызу талқылануда.

”Өте дұрыс, қарсыласты сыйлау керек”, “Бас бапкердің абыройының мықты екенін көрсетіп тұр”, “Өте дұрыс істеді”, “Тәртіп керек”, — деп жазды олар.

Еске сала кетейік, Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жылдың басты бәсекесі 14 қыркүйекке дейін жалғасады.