Ерейментауда қазақша күрестен өткен республикалық турнирде оқыс оқиға орын алып, Ақтөбеден келген 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақат алды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақмола облысында қазақ күрестен болған жарыста І спорттық разрядтағы білікті балуан, 2010 жылы туылған жасөспірім мойын омыртқасын сындырып алды.
БАҚ-та келтірілген мәліметтерге сәйкес, ол күресу кезінде мойын омыртқасы тұсынан ауыр жарақат алып, талып қалған.
Nayza_kokshe парақшасындағы дерекке сәйкес, ақ халаттылар оны қарау кезінде клиникалық өлім фактісін тіркеген.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен жарыста кезекші дәрігер жарақаттанған балаға бірден көмек көрсетіп, реаниматолог шақыртты. Ол шұғыл түрде Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер жүрекке жанама массаж жасап, адреналин енгізіп, дефибрилляция жасады. Соның нәтижесінде жүрек соғысы қалпына келді. Жасөспірім өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды.
"Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін балуанды елордаға тасымалдау туралы шешім қабылданды. Санитарлық авиацияның көмегімен оны Астананың №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізді. Онда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас балалар нейрохирургінің қатысуымен шұғыл консилиум өтті, содан кейін қарқынды терапия басталды", делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта спортшы анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның денсаулығы үшін күресуде. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланады.
Турнир сенбі күні басталып, жексенбі таңертең болған қайғылы жағдайдан кейін тоқтатылғаны да белгілі болды.
Бұған дейін алматылық блогер желіде тікелей эфирде жер қаздырып, өзін тірідей көмдіргенін жазғанбыз.