Жаңа оқу жылының қарсаңында Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 8 жаңа мектеп пен 2 жалпы орта білім ошағы ашылды. Бұл – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстардың нақты нәтижесі.

Атап айтқанда, Төлеби ауданының Достық ауылында 900 орындық, Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Шардара, Сауран, Келес, Сарыағаш, Ордабасы, Мақтаарал аудандары мен Арыс қаласында да 300-600 орындық заманауи оқу ғимараттары салынды.

Бұл қуанышты сәтке орай өткен салтанатты іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа мектептердің ашылуы жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашатынын атап өтті.

— Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы – жай ғана жаңа ғимараттар салу емес, білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді реформа. Биыл өңірде осы жобамен 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – болашаққа салынған көпір. Мұғалімдер мен оқушылардың заманауи әрі қолайлы ортада еңбек етіп, білім алуы – еліміздің интеллектуалды әлеуетін көтеретін басты қадам. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді, – деді аймақ басшысы.

Жаңа мектептер заман талабына сай толық жабдықталған. Кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт және хореография залдары, медициналық кабинеттер, бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Мұнда оқушылардың тек білім сапасын арттыру ғана емес, сонымен бірге шығармашылық қабілеттерін дамытуға, цифрлық сауаттылығын жетілдіруге барлық жағдай жасалған.

Айта кетсек, «Келешек мектептері» жобасы аясында Түркістан облысында жалпы саны 23 мың балаға арналған 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 13 мектеп өткен оқу жылында пайдалануға берілсе, биылғы оқу жылында тағы 16 мектеп оқушыларға есік ашты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Мектептерді жаңғырту» тапсырмасына сәйкес үш жыл ішінде өңірде 115 мектеп қайта жаңғыртудан өтпек. Биылдың өзінде облыста 100 білім ордасы күрделі жөндеуден өтті.

Жаңа форматтағы мектептер педагогтардың кәсіби өсуіне де кең мүмкіндік беріп отыр. Бұл – келешек ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге, ұлттық білім жүйесінің деңгейін жаңа сатыға көтеруге негіз болатын маңызды қадам.