7 қыркүйекте Ақмола облысының Ерейментау қаласында өткен қазақ күресі турнирінде қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ақтөбеден келген 15 жастағы спортшы белдесу кезінде мойнын сындырып, клиникалық өлім жағдайына түсті. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, жасөспірімнің өмірін сақтап қалды.

Зардап шеккен бала санитарлық авиация арқылы жедел түрде Астана қаласына жеткізілді.

«2010 жылы туған жасөспірім №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Оған дереу консилиум ұйымдастырылып, Денсаулық сақтау министрлігінің бас балалар нейрохирургі қатысты. Қысқа уақыт ішінде интенсивті терапия басталды. Қазіргі таңда науқас анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде жатыр», — деп хабарлады Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған.