2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялау барысында заңнамадағы өзгерістер электросамокаттар мәселесін шешуге көмектеспегенін мәлімдеді – азаматтарға әлі де қауіп-қатер төніп тұр, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс екенін айтты.
"Сондай-ақ электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр",- деді ол.
Бұл ретте, ол қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленгенін атап өтті.
"Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар",- деді ол.
Бұған дейін депутаттардың самокатты жалға беретін компаниялардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынғанын жазғанбыз.