Былтырдан бері "Таза Қазақстан " жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Былтырдан бері "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтуынша, мұны ел ішінде жаппай қолдау тапқан жасампаз құндылықтардың жарқын көрінісі, халқымыздың игі істерге деген ұмтылысы деп түсінген жөн. Президент осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығын білдірді.
"Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет", – Қасым-Жомарт Тоқаев.