Ұсталғаны туралы қауесеттен соң Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бүгін парламент ғимаратына келді. Онда ол президенттің Қазақстан халқына жолдауын тыңдайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сыртқы істер министрі кей ақпарат құралдарында өзі туралы тараған қауесетке қатысты пікір білдірді.

"Шынымды айтсам, бұл жалған, абсурд. Мұндай нәрсе көктемде, күзде адамдарда болады... Тіпті, пікір білдіретіндей ештеңе жоқ. Өздеріңіз білесіздер, жұмыста отырдым, жиналыстар болды. Басқа елдегі әріптестеріммен телефон арқылы сөйлескенімді білесіздер, инвесторлармен жұмыс бойынша кездесулерім болды. Бәрі әдеттегідей", — деді Нұртілеу.

Сондай-ақ тілшілер министрден бұл оқиғадан кейін сотқа арыз беру жоспары бар-жоғын сұрады.

"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан зайырлы мемлекет. Тиісті органдар бар. Керек болса солар осымен айналыссын. Мен бұл мәселені жеке қабылдайын деп тұрған жоқпын. Тіпті елде болмауым да мүмкін. Жолдаудан кейін шетелге кетуді жоспарлап отырмын", — деп жауап берді министр.

Айта кетейік, өткен аптада кей БАҚ-та Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен ҰҚК қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Содан кейін Аида Балаева БАҚ өкілдерін жалған ақпарат таратпауға шақырған болатын.

Жалған ақпаратпен күрес орталығы да Мұрат Нұртілеу мен Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі министрдің ұсталуына қатысты қауесеттердің таралуын журналистік этиканы және еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзу деп санайтынын мәлімдеді.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлердің ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ жақында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Harvest Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Әлсеновпен кездескені хабарланды.

Сенбіде Сыртқы істер министрлігі Мұрат Нұртілеудің Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сыбихамен телефон арқылы сөйлескені туралы ақпаратты жариялады. Бұл ақпаратты Украина Сыртқы істер министрлігі де хабарлады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз