2025 жылғы 7 қыркүйекте мұнай өндіру көлемін ерікті түрде шектеуге қатысатын ОПЕК+ ұйымының сегіз елі қазан айында жалпы өндіріс квотасын тәулігіне 137 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бекітілген жоспарға сәйкес:
- Сауд Арабиясы мен Ресей – 42 мың баррельге,
- Ирак – 17 мың баррельге,
- БАӘ – 12 мың баррельге,
- Кувейт – 11 мың баррельге,
- Қазақстан – 6 мың баррельге,
- Алжир – 4 мың баррельге,
- Оман – 3 мың баррельге мұнай өндірісін арттырады.
ОПЕК бұл шешімнің дүниежүзілік экономиканың тұрақты болжамдары мен мұнай нарығындағы қолайлы жағдайларға, атап айтқанда, мұнай қорының төмен деңгейіне байланысты қабылданғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ұйым қазіргі кезде қолданылып жатқан тәулігіне 1,65 миллион баррель көлеміндегі шектеулер нарықтағы жағдайға байланысты толық немесе ішінара мерзімінен бұрын алынуы мүмкін екенін ескертті.
ОПЕК+ ұйымының "сегіздігі" келесі отырысын 5 қазанға жоспарлап отыр.
Осы аптада Қазақстан энергетика министрлігі елімізде мұнай өндіру деңгейі артқаны туралы ақпаратты теріске шығарған болатын.