Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының (ДМҰ) дерегінше , бүгінде миллиардтаған адам лас ауамен тыныс алып жүр.

Соның салдарынан жыл сайын 4,5 миллионнан астам адамның өмірі қысқарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Зерттеуде орман өртінен шыққан түтін бөлшектерінің алысқа тарап, қоршаған ортаны уландыратыны анықталған.

– Пиреней түбегіндегі рекордтық өрт маусымы кезінде Батыс Еуропада түтін мен ластаушы заттар тіркелді. Олар бүкіл Еуропаға таралуы мүмкін, – дейді зерттеушілер.

Ғалымдар ауа сапасының әлем бойынша нашарлап бара жатқанын атап өтті. 2024 жылы PM 2,5 деңгейі Чили, Бразилия, Эквадор, Канада, Орталық Африка мен Сібірде ең жоғары көрсеткішке жеткен.

Сонымен қатар, кейбір өңірлерде оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Шығыс Қытай мен Еуропаның бірнеше аймағында зиянды қалдықтар азайған.

– Елдер, аймақтар мен қалалар лас ауамен күресуге нақты қадам жасаса, нәтижесі міндетті түрде болады, – дейді мамандар.

Мысал ретінде Қытайдың шығыс бөлігін, соның ішінде Шанхайды атауға болады. Мұнда жаңа саябақтар салынып, ағаш отырғызу есебінен ауа сапасы жақсарған. Көліктердің көбеюіне қарамастан, олардың басым бөлігі қазір электр қуатымен жүреді.

ДМҰ сарапшыларының пікірінше, күкірт диоксиді мен азот оксиді секілді негізгі ластаушы заттар бақылау шаралары арқасында азайып келеді. Алайда түтіннің басты құрамдас бөлігі – жердегі озон деңгейі әлі төмендемеген.