Алматы облысы Талғар ауданында жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алматы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 6 қыркүйекте, таңертең болған. Шақыруға бара жатқан арнайы көлік Lexus RX 300 автокөлігімен соқтығысып, аударылып қалған.

— Жол-көлік оқиғасы салдарынан бригада жүргізушісі жеңіл жарақат алды, сондай-ақ медициналық қызметкер мен екінші көліктің жүргізушісі тексерілу үшін Талғар орталық аудандық ауруханасына жеткізілді, — делінген станция хабарламасында.

Алматы облысы Полиция департаменті де оқиғаға қатысты түсінік берді.

— Алдын ала деректерге сәйкес, арнайы көлік жүргізушісі бағдаршамның тыйым салатын белгісінде жүріп өтіп, басқа көлікпен соқтығысқан. Аталған факті бойынша әкімшілік іс жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомство.