Өзбекстанда 2026 жылдан бастап автокөлік иелеріне нөмірлерін жекелендіруге мүмкіндік берілмек, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы ел үкіметінің қаулысында көрсетілді, деп хабарлайды One.uz және Darakchi.uz басылымдары.
Жаңа тәртіпке сәйкес, азаматтар өз есімдерін немесе қысқа сөздерді мемлекеттік нөмірге жаздыра алады. Мысалы, "SARVAR", "AZIZA" немесе "BUKHARA". Арнайы нөмірді алу тек электронды аукцион арқылы жүзеге асады.
Комбинацияларда 6 таңбаға дейін әріп пен сан қолдануға болады. Дегенмен заңға қайшы, әдепсіз сөздерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, бұрын тіркелген нөмірлерді қайталауға болмайды.
Арнайы нөмірлерді сату құқығы "Uzavtomotobelgi" мемлекеттік кәсіпорнына берілген. Билік бұл бастама бюджетті толықтыруға және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға серпін береді деп отыр.
Айта кетейік, мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде тек "1" санынан тұратын нөмір миллиондаған долларға сатылған болатын.