5 қыркүйек күні Еуропалық комиссия Google компаниясын онлайн-жарнама саласында үстемдік позициясын теріс пайдаланды деп тапты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Компания жарнама алмасу құралы AdX арқылы нарықтағы бәсекелестікті шектеді деп айыпталды. Айыппұл көлемі 2,95 млрд еуроны құрайды, деп хабарлайды Euronews.
Еурокомиссия мәліметінше, Google баспагерлерге арналған жарнама серверін және жарнаманы сатып алу құралдарын пайдаланып, нарықтағы бәсекелестікті шектеген.
Бәсекелестік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Тереса Рибераның айтуынша, енді компания нарықтағы мүдделер қақтығысын жоюға бағытталған шаралар ұсынуы тиіс.
"Егер Google бұл талаптарды орындамаса, қатаң шаралар қолданамыз. Цифрлық нарықтар адамдарға қызмет етуге арналған және сенім мен әділдік қағидатына негізделуі тиіс", – делінген мәлімдемеде.
Google-ға бәсекелестікке қарсы деп танылған тәжірибені тоқтатуға 60 күн уақыт берілген.
Айта кетейік, Еуропалық комиссия Google-ға қатысты онлайн-жарнама технологиялары секторында ресми тергеуді 2021 жылғы маусымда бастаған.
Компанияның вице-президенті Ли-Энн Малхолланд айыппұлды "негізсіз" деп атап, талап етілген өзгерістер "мыңдаған еуропалық кәсіпорындарға зиян келтіріп, олардың табыс табуын қиындататынын" айтты. Google жұма күні Еурокомиссия шешіміне шағым түсіретінін мәлімдеді.
Euronews атап өткендей, шешім АҚШ пен ЕО арасындағы IT-саладағы шиеленіс аясында қабылданды.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп еуропалық тарапты америкалық IT-компанияларды қудаласа, кедендік баж енгізу арқылы қайтадан сес көрсетуімен ескерткен болатын.