Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов онкологиялық науқастардың сапалы дәрілік қамтамасыз етілуі туралы пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Халық денсаулығы туралы" кодексте әрбір азаматтың тегін дәрімен қатар, қосымша төлем арқылы өзіне қажет дәріні таңдау құқығы айқын көрсетілген.

– Мемлекет белгілі бір дәріні тегін береді, бірақ егер науқас сол диагнозға арналған басқа түпнұсқа немесе бағасы қымбатырақ дәріні алғысы келсе, оның бағасындағы айырмашылықты өзі төлеп, сол дәріні алуға құқылы. Алайда бұл норма тек қағаз жүзінде қалды. Іс жүзінде ол толыққанды жұмыс істемейді. Бірнеше пилоттық жоба басталғанымен, үлесақы тетігі науқасқа дейін жетпей отыр. Адамдарға бұл жүйенің пайдасын көру мүмкіндігі берілмей келеді. Бұл мәселе әсіресе онкология саласында өте өзекті. Химиотерапияға қатысты айтсақ – бұл ымыра көтермейтін сала. Себебі мұнда қате шешім адам өміріне тікелей әсер етеді. Онколог дәрігерлердің өзі, жеке сөйлескенде, емнің сенімді әрі тиімді болуы үшін дәлелденген түпнұсқа препараттарды қолдану қажет екенін айтады. Ал отандық өнімдерге келсек, олардың бәрі тиімсіз деуден аулақпыз. Бірақ басты мәселе – бұл дәрілердің сапасы мен тиімділігі қалай және қаншалықты тексеріледі? Шикізат елге кіргенде бақылау бар ма? Кейін қандай қадағалау жүргізіледі? Бұл жауапсыз қалып отырған сұрақ, – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, қазір науқастардың сапалы түпнұсқа дәрілерді алу мүмкіндігі шектеулі.

– Ал сапалы түпнұсқа химиотерапияға қажет препараттардың бағасы өте қымбат. Көптеген отбасы үйін сатып, несиеге белшесінен батып, жақынына "нағыз" ем, сапалы "химия" алып беруге мәжбүр, – деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, Асхат Аймағамбетов онкология саласында қолданылатын дәрілердің сапасын бақылауды күшейту қажеттігін айтты.

– Сондықтан бізге нақты әрі батыл қадам қажет. Онкологияда қолданылатын, соның ішінде отандық өндіріс арқылы ОТП бойынша шығарылатын дәрілердің биоэквиваленттілігі мен клиникалық тиімділігін міндетті түрде тексеретін жүйені енгізу, сапасын қамтамасыз ету. Заңда бар үлесақы тетігін шынайы түрде іске қосу. Азаматтың түпнұсқа, нақты сауда атауымен шығатын дәріні қосымша ақы төлеп алуына нақты мүмкіндік берілуі тиіс. Онкологиялық науқастарды сапасы анық емес баламамен емес, шын мәнінде сапалы әрі дәлелденген химиялық препараттармен қамтамасыз ету керек, — деді Мәжіліс депутаты.