“Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай грамматикалық және стилистикалық қателерді автоматты тексеріп, синонимдер ұсынатын QazGramma ұлттық жүйесі пайда болатынын айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, QazGramma – жалпыхалықтық сауатты арттыруға арналған жүйе.

Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желіде, жалпы күнделікті қатынаста қазір, өкінішке қарай, сауатсыздық бар. Сондықтан да осыны қазақ тілі заңдылықтарына сәйкес стилистикалық, құрылымдық, пунктуациялық, грамматикалық барлық қателерін салып, ықшамдап, тұрақты сөз тіркестеріне айналдырып, перефраз жасап беретін өзіміздің ұлттық жүйеміз пайда болады, — деді Мақпал Жұмабай “Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі” атты республикалық конференция кулуарында.

Ұлттық ғылыми-практикалық орталық директоры бұл жүйе алдымен мемлекеттік қызметшілерге қолжетімді болатынын жеткізді.

EGov, документолог, сонымен қатар, eOtinish сияқты жүйелерге енеді. Ал көп күттірмей жалпы көпшілікке ұсынылатын болады, — деді Мақпал Жұмабай.