Месси өз елінде соңғы кездесуін өткізді .

Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Эквадорға қарсы соңғы ойында алаңға шықпайды.

Венесуэлаға қарсы өткен ойында (3:0) Месси дубль авторы атанып, үшінші голы офсайд себебінен есепке алынбады. Ол алаңда толық 90 минут ойнады.

"Месси Эквадорға бармайды. Оны ауыстыруым керек еді, бірақ матчтың эмоциясына байланысты алмастырмадым. Біз алдын ала толық ойнайтынын келіскенбіз. Эквадорға бармайды. Отбасымен бірге уақыт өткізеді", — деді Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони TyC Sports-қа берген сұхбатында.

Аргентина құрамасы АҚШ, Мексика және Канадада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алған. Олар 9 қыркүйекте Гуаякильде Эквадормен ойнайды.

Месси 2026 жылғы әлем чемпионатында ойнамауы мүмкін екенін айтты:

"Мен Әлем чемпионатына байланысты шешім қабылдаған жоқпын. Жасымды ескерсек, келесі әлем чемпионатына қатыспауым мүмкін. Бірақ бәрін күн сайын, ойын сайын қарап, шешім қабылдайтын боламыз", — деді Месси.

Бұған дейін 38 жастағы Месси Венесуэлаға қарсы кездесу өз еліндегі ұлттық құрамадағы соңғы ойыны болуы мүмкін екенін айтқан. Буэнос-Айрестегі матч алдында жанкүйерлер "Барлығы үшін рақмет, капитан" деген жазуы бар баннер көтерді. Алаңға Месси ұлдары Тьяго, Матео және Чиромен бірге шықты. Олар әкелерімен бірге Аргентина және Венесуэла гимндері орындалған сәтте тұрды.

Месси Аргентина сапында әлем чемпионы, екі дүркін Америка кубогының иегері, Финалиссиманың жеңімпазы және Олимпиада чемпионы атанған.