5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Дәл осы датада елде тіл мерекесі қатар тойланады , деп хабарлайды 24kz.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілі білімінің негізін салушы. Төл әліпбиіміздің атасы. Қазақ публицистикасы мен ғылымын халыққа жақындатып, жаңа терминдер жүйесін қалыптастырды. Сол кездері Алты алаштың мінберіне айналған «Қазақ» газетінің жарық көруіне де өзі ұйытқы болды. Ұлт ұстазының жиырмаға жуық кітабы жарық көрді. Алғашқысы 1909 жылы шыққан «Қырық мысал» жинағы. Ақтық демі қалғанша елдік мұрат жолында тер төккен ерен тұлға Алашорда үкіметінің белді мүшесі болған. Сан қырлы ілімді меңгерген мемлекет қайраткерінің өмірін зерттеу, қызметін тану бүгінде дербес ғылым саласына айналды.