Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарлайды: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Орталық ресми мәлімдейді: әдейі жалған ақпарат тарату қоғамдық сенімге нұқсан келтіріп, болып жатқан оқиғаларға бұрмаланған көзқарас қалыптастырады", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды сақ болуға және тек ресми, тексерілген дереккөздерге сенуге шақырды.
Орталық Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде мемлекеттік қызметшілердің ұсталғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, БАҚ өкілдерін журналистік этиканы естен шығармауға шақырған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз