Белгілі италиялық модельер Джорджо Армани 91 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews .kz ақпарат порталы италиялық БАҚ-қа сілтеме жасап.

"Терең қайғыра отырып, Armani Group өзінің негізін қалаушысы, шығармашылықтың сарқылмас қозғаушы күші Джорджо Армани дүниеден озғанын хабарлайды", – делінген Armani Group-тың ресми мәлімдемесінде.

Армани – культке айналған италиялық модельер, 1934 жылғы 11 шілдеде Италияның Пьяченца қаласында дүниеге келген. 1975 жылы серіктесі Серджо Галлеоттимен бірге Armani сән үйін құрды. Бұл үй талғампаз костюмдерімен және минималистік стилімен танылып, сән әлемінің эталонына айналды. Бренд кейіннен киім, аксессуар, парфюмерия және тіпті қонақүйлерге дейін кеңейді. Армани жұлдыздарды киіндіріп қана қоймай, "Американдық жиголо" сияқты фильмдерге костюмдер жасады.

"Мен ерлер бейнесін жұмсартқан әрі әйелдерді костюмдер арқылы күштірек еткен алғашқы адаммын. Бұл – стильге жаңа көзқарас болды", – деген еді Армани бір сұхбатында.

"Сән – бұл аса жауапты жұмыс. Сонымен бірге ол – әдемі өнер", – деп түсіндірген ол өзінің кәсіпке деген көзқарасын.

Әйгілі модельердің байлығы түрлі бағалаулар бойынша 7–9 миллиард доллар аралығында болған. Оның құрамына сәнді жылжымайтын мүлік, яхталар және басқа да активтер кірген.