Бүгін, 4 қыркүйек күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Молдова Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Штефан Гордамен кездесті.

Кездесуде өңірдің экономикалық даму бағыттары мен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері сөз болды. Әкім Маңғыстаудың мұнай-газ өндіру, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, агроөнеркәсіп кешені, туризм салаларындағы әлеуетін таныстырды.

Әсіресе Ақтау және Құрық порттарының мүмкіндіктері мен Транскаспий көлік дәлізінің маңызына назар аударылды. Бүгінде облыс Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік аймаққа айналып отыр. Жылдық жүк өткізу қабілеті 20,8 млн тоннаны құрайтын порттар Қытай, Орталық Азия елдері мен Ресей аймақтарынан Түркия және Еуропаға дейін тиімді логистикалық қатынасты қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ тараптар ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту, екі ел арасындағы сауда көлемін арттыру мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда Маңғыстау мен Молдова арасындағы сыртқы сауда айналымы 161 мың АҚШ долларын құрап отыр.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдауға дайын екенін атап өтті.

– Бұл кездесу біздің елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндік деп санаймын. Маңғыстау облысы өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, туризм және ауыл шаруашылығы салаларында зор әлеуетке ие. Біз Молдова Республикасымен осы бағыттарда өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.