Еуроодақтың кеңею мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос Черногория 2028 жылы ЕО-ның жаңа мүшесі атануы ықтимал екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның сөзінше, елдің одаққа кіруіне қатысты техникалық келіссөздер келесі жылы аяқталады. Ал соңғы келісімді мақұлдау процесі бір-екі жылға созылуы мүмкін.

«Егер барлық рәсімдер жоспарға сай жүрсе, 2028 жылы Черногория Еуроодақтың 28-мүшесі бола алады», деді Марта Кос.

Айта кетейік, бұл қадам қазақстандық саяхатшылар үшін бірқатар өзгеріс әкелуі ықтимал. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Черногорияға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Визасыз режим әдетте көктемнен күздің соңына дейін қолданылады (биылғы мерзім – 1 наурыздан 1 қарашаға дейін).

Сонымен қатар, елге келген әрбір турист алғашқы тәулікте уақытша тіркеуден өтуге міндетті. Бұл рәсім туристік компанияларда, қонақүйлерде немесе жергілікті полиция бөлімшесінде жүргізіледі.

Қазақстаннан Черногорияға бару үшін тікелей әуе рейстері де қолжетімді. Air Astana компаниясы Алматы мен Астанадан Подгорицаға тікелей ұшуларды жүзеге асырады.

Алайда Черногория ЕО құрамына кірген жағдайда, қазақстандықтар үшін шенген визасы қажет болады. Оның құны ересектерге – 90 еуро, ал 6-12 жас аралығындағы балаларға – 45 еуро. Дегенмен, Еурокомиссия Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық тәртіпті жеңілдету бойынша жоспар бар екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Черногория 2010 жылдан бері ЕО-ға кіруге ресми кандидат саналады. Сондай-ақ Албания, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония, Сербия және Косово да одаққа мүше болуды көздеп отыр. (Қазақстан Косовоны жеке мемлекет ретінде емес, Сербияның бөлігі ретінде қарастырады).