Су тасқыны кезінде халықтан жинаған ақшаны талан-таражға салды деп сотталған Перизат Қайраттың мүлкі аукционға шығарылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, Перизат Қайраттың элиталы пәтерлері, қымбат көліктері мен бренд әшекей бұйымдары ашық саудаланады. Саудадан түскен қаражат есебінен зардап шегушілердің шығыны өтеледі. Істі қарау кезінде 47 адам жәбірленуші деп танылған еді.

Ал сот процесі кезінде Перизат Қайрат атаған тұлғаларға қатысты іс жүргізілмейді. Себебі қор қаражатын жымқырған басқа тұлғалар анықталмаған. Бұл туралы бүгін сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары айтты.

"Тергеу барысында қор қаржысын жымқырған өзге тұлғалар анықталған жоқ. Сот үкіміне сәйкес, сот орындаушылары оның мүлкін аукционға шығарып сатады. Сол қаражат есебінен зардап шегушілердің шығыны өтеледі", — деді ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов журналистерге.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз