Аида Балаева кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауы тиіс міндеттерді ұстануға шақырды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бірқатар шенеунік ұсталды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Балаеваның сөзінше, кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталғаны туралы расталмаған ақпарат таратылуда.

"Ақпараттың шынайылығын тексеру міндеті, кінәсіздік презумпциясы қағидасы, сондай-ақ журналистік этика бар екенін есте сақтау қажет. "Хайп" қуып, көбіне расталмаған деректерге жүгінген кезде журналистер мұндай ақпараттың азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян келтіруі мүмкін екенін, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан тигізетінін, шын мәнінде жала болып табылатынын ұмытпауы тиіс", – дейді министр.

Аида Балаева кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауы тиіс міндеттерді ұстануға шақырып, сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.

Айта кетейік, бірқатар Отандық БАҚ-та сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.