Биыл еліміздің түкпір-түк­пірін­дегі 8 мыңнан астам білім ұясы 4 миллион оқушыға өз есігін айқара ашты. Жаңа оқу жылына 83 оқу ошағы пайдалануға берілді, соның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жоба аясында салынған. Биыл бірінші сыныпқа 360 мыңнан көп бала барды, олардың 72 пайызы қазақша оқуды таңдады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осынау маңызды сәтпен білім алушыларды, педагогтер мен ата-аналарды құт­тық­тады. Ол өз сөзінде өткен оқу жылы мұғалімдер мен оқушылар үшін толағай табысқа толы болғанын, ел мек­тептерінде жұмыс істеп жүрген 600 мыңға жуық мұғалімнің тынымсыз еңбегі нәти­же­сінде балалардың халықаралық білім сайыс­тарында мыңнан аса медаль иелен­генін, оның ішінде 193 алтын барын, әрбір екінші қатысушы елге жеңіспен орал­ғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Республикалық тамыз кон­ференциясында педагогтердің қоғамдағы рөлі мен мәртебесіне айрықша тоқталды. Бұл қағида бүкіл қоғам үшін негізгі бағдар болуға тиіс. Президенттің қолдауымен елімізде 3 мыңға жуық оқу ошағы бір ауысымда білім береді. Бүгінде 232 жаңа мектепте құрылыс жүргізіліп, тағы 245 ғимарат реновациядан өтіп жатыр.

«1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «ДосболLIKE» антибуллингтік жобасы іске қосылады. Сондай-ақ кезең-кезеңімен мектептерге бірыңғай дизайн-код енгізіледі. Жұмысшы мамандықтарын таңдаған студенттердің барлығы колледждерде тегін оқиды. Отандық 5 колледж жетекші кәсіпорындармен, әлемдік білім беру орталықтарымен бірлесіп жұмыс істей бастайды. Бізді алда маңызды оқиғалар күтіп тұр. Алматы қаласында Бүкіләлемдік инклюзия конгресі, Ақтауда TurkSkills – түркі әлемі елдерінің жұмысшы мамандықтары чемпионаты өтеді. Сондай-ақ елімізде Ата-аналар комитетінің алғашқы республикалық форумы ұйымдастырылады», деді Ғ.Бейсембаев.

Министрліктің дерегіне сүйеніп өзгерістерді нақтылай кетсек, 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін барлық оқушы үшін оқыту үрдісіне балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жасанды интеллект (ЖИ) негіздері енгізіледі. ЖИ қолдану мен оның этикасын түсіндіретін интерактивті модульдерден тұратын «Day of AI» онлайн курсы барлық оқушыға қолжетімді болады. 10–11 сынып оқушыларына бастапқы кәсіби біліктілік беретін ерте бейіндік бағдарлау жүзеге асырылады. Ал «Келешек мектептерінде» 7-сыныптан бас­тап оқушыларға кәсіби бағдар беру қолға алынады. Қазір «Маман» деп аталатын арнайы платформа әзірленіп, жетілдіріліп жатыр. Соған сәйкес әр баланың икемі, қызығушылығы, мүмкіндігі ескеріліп, бағдарлау жұмыстары жүргізіледі.

Жаңа оқу жылында балалардың психологиялық қысымнан, басқа да өміріне қауіп төндіретін жағдайлардан қорғау бағыты да басты назарда болатыны белгілі. Осыған қатысты министрлік: «Жеке қауіпсіздік сабақтары қайта жанданады. Енді бұл елдегі барлық балабақшада, мектепте, колледжде әр апта сайын сынып сағатында 10 минуттан өтеді. Сабақтарда интернеттегі қауіпсіздік ережелері, алаяқтардан қорғану жолдары, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар және зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптары қамтылады. Балаларға психологиялық қолдау көрсететін 20 орталықта буллинг, зорлық-зомбылық және дағдарыс жағдайларына байланысты оқушыларға, ата-аналарға және педагогтерге тәулік бойы көмек көрсетеді. «111» байланыс орталығының QR-кодтары барлық мектепке жапсырылды. Балалар өз құқықтарының бұзылуы туралы анонимді әрі жедел хабарлай алады. Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді: айыппұл – 10 АЕК, ал қайталанған жағдайда – 30 АЕК. Автобус жүргізушілеріне 16 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктен ересектерсіз мәжбүрлеп түсіріп кетуге болмайды. Ережені бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады», деген мәлімдеме таратты.