Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланының бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның Түркияға тағы да емделуге жіберілгенін хабарлады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ жазады.
"Комиссияның жұмыс органының шешімімен нейромодуляторлық ем жүргізу және пациенттің соматикалық мәртебесін сақтау үшін Medipol Global клиникасына (Түркия) емделуге Мұхтар Ербаянды жіберу мақұлданды", — деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қазақстанда Мұхтар Ербаян Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында және Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ем алған болатын.
2024 жылдың тамызынан бастап 2025 жылдың қаңтарына дейін отбасының қолдауымен Түркияда қалпына келтіру емінен өтті. Қазақстанға оралғаннан кейін мамандардың бақылауында болды және үйде медициналық көмек алды.
"Пациентті Астанадан Стамбулға тасымалдау Ішкі істер министрлігінің бортында, ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының мобилдік бригадасының медициналық сүйемелдеуімен жүзеге асырылды. Пациентті клиника өкілдері қарсы алды. Пациенттің жағдайы тұрақты, трахеостомияда", — делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде әйел адам әскери борышын өтеуге кеткен ұлының мүгедек болып оралғанын айтты. Жағдайға Ұлттық ұланның баспасөз қызметі түсінік берген болатын.
Артынша Қорғаныс министрлігі әскери қызметші Ербаян Мұхтардың жарақат алу оқиғасына байланысты ресми хабарлама жариялады.
Сол уақытта бұл жағдайға пікір білдірген денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сарбаздың жағдайы ауыр екенін хабарлады.
Былтыр қыркүйекте Мұхтар Ербаян емделу үшін Стамбұлға барып келді.
Жыл басында қоғам белсендісі Инга Иманбай әскери борышын өтеп жүргенде комаға түскен Ербаян Мұхтардың денсаулығында оң өзгеріс бар екенін айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз