Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Германияның Туристік қауымдастығы (DRV) делегациясымен және ірі неміс туроператорларының өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуда екі ел арасындағы туризм саласындағы ықпалдастықтың келешегі мен бірлескен бастамалар талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесуге Германия Туристік қауымдастығының президенті Норберт Андреас Фибиг, жетекші неміс туроператорларының өкілдері және Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Ермек Көшербаев өз сөзінде Қазақстан үшін Германиямен ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтіп, туризмді екіжақты серіктестікті дамытудың маңызды бағыты деп атады.
«Туризм – тек экономика саласы ғана емес, сонымен қатар елдеріміз арасындағы сенім көпірі. Германиямен әріптестік Қазақстанның еуропалық нарықтағы позициясын күшейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. DRV Destination Forum-ды Қазақстанда өткізу мүмкіндігін қарастыру – өзара ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды қадам», деді ол.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі – Германияда Қазақстанды жаңа туристік бағыт ретінде таныстыру және 2026 жылы елімізде DRV Destination Forum өткізу мәселесі болды.
Германия Туристік қауымдастығының президенті Норберт Андреас Фибиг Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары екенін атап өтті.
«Еліңіздің табиғаты, бай мәдениеті мен заманауи дамуы Қазақстанды неміс туристері үшін ерекше тартымды етеді. Жыл сайын неміс азаматтары туризмге 85 млрд еуродан астам қаржы жұмсайды. Біз Қазақстанның олардың таңдаулы бағыттарының қатарынан лайықты орын алатынына сенімдіміз», деді ол.
Неміс делегациясының сапары барысында қонақтар Астана, Алматы және Байқоңыр қалаларына барып, елдің туристік әлеуетімен және бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерімен танысады.
Кездесу соңында Ермек Көшербаев Қазақстан мен Германияның бірлескен күш-жігері екіжақты ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдететініне сенім білдірді.