2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Уэльс матчының үзілісінде ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары Асхат Тағыберген мен Александр Марочкинге арналған ресми қоштасу рәсімі өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz cайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, биыл қос футболшы Қазақстан құрамасындағы мансабын аяқтаған болатын. Асхат Тағыберген іріктеу турнирінің үшінші турында өткен Қазақстан – Солтүстік Македония кездесуінен (0:1) кейін халықаралық карьерасын тәмамдады. Ал Александр Марочкин өз шешімін Лихтенштейн – Қазақстан матчынан (0:2) кейін жариялаған еді.
Ұлттық құрама сапында ұзақ жылдар өнер көрсеткен қос ойыншыға жанкүйерлер алдында құрмет көрсетіліп, ресми түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылады.
Бұған дейін Асхат Тағыберген ұлттық құрамадан неге кеткенін ашып айтқан еді.
«Солтүстік Македонияға қарсы матч – менің ұлттық құрамадағы соңғы ойыным. Бұл менің және отбасыммен бірге ақылдасқан шешімім. Енді жастарға жол беру керек. Өйткені футбол – бәсекеге толы спорт. Қазір бұл туралы көп айтылып жатыр. Жалпы жас деген – тек паспорттағы сан. Бірақ мен қазір өзімді бұл орынды босатуға дайынмын деп санаймын. Бүгін ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынымды өткіздім. Енді футболдағы мансабымды клуб деңгейінде жалғастырамын. Барлық матчтар жүрекке жақын қабылдадым. Әсіресе «Астана Аренадағы» 30 мың жанкүйердің қолдауы – ұмытылмас әсер. Қолдаған жанкүйерлерге мың алғыс. Баршаңызға Алла разы болсын. Ұлттық құраманың бір бөлшегі болғаныма, капитаны болғаныма өте қуаныштымын. Рақмет!», – деді Асхат.